Түркістанда қазақ күресінен ел кубогы мәресіне жетті
Түркістан төріндегі Olympic Center спорт кешенінде өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан кубогі өз мәресіне жетті. Бұл дүбірлі дода елдің әр түкпірінен келген 400-ге жуық балуандардың басын қосып, төл күрестің беделін тағы бір мәрте айшықтады.
Төрт күнге созылған бәсеке барысында боз кілем үстіндегі белдесулер бір сәтке де саябырсыған жоқ. Жарыс барысында әр салмақтағы тартыс шеберлік пен шыдамның, тәжірибе мен тактиканың сынға түскенін көрсетті. Финалға дейін жеткен балуандар болса, шешуші сәттерде барын салып, әр ұпай үшін аянып қалмады.
Нәтижесінде көрермендердің назарына тартымды да мазмұнды белдесулер ұсынылды. Ерлер арасындағы белдесулердің қорытындысы бойынша боз кілемде келесі балуандар дараланды: Ержан Мұса (55 келі, Қарағанды обл.), Айбатыр Миразат (60 келі, БҚО), Жақсыбек Жеңісбек (66 келі, Қызылорда обл.), Есхат Тұрсынбек (74 келі, Абай обл.), Дмитрий Динер (82 келі, СҚО.), Еңбек Сақтағанов (90 келі, Қызылорда обл.), Олжас Исаханов (100 келі, Қарағанды обл.), Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі, Маңғыстау обл.) және түйе балуан Данил Фёдоров (Жамбыл обл.). Әрқайсысы өз салмағында шеберлігін паш етіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Әйелдер арасындағы белдесулер де жоғары деңгейде әрі тартысты өтті. Боз кілемде басымдық танытқан бұрымды балуандардың қатарында Айжан Жылқыбаева (48 келі, Түркістан обл.), Жанар Жолболды (52 келі, Павлодар обл.), Алуа Қазықан (56 келі, Ұлытау обл.), Әсемкүл Балтабай (60 келі, Шымкент қ.), Зарина Сарипова (65 келі, Абай обл.), Мөлдір Әдепбай (70 келі, Павлодар обл.), Назерке Тілеуханова (77 келі, Абай обл.) және Гүлдана Теңелбаева (+77 келі, Маңғыстау обл.) алтыннан алқа тақты.
Түйе балуан сайысының нәтижесінде жамбылдық балуан Данил Фёдоров жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Екінші орын Ерсұлтан Мұзаппаровтың (Шымкент қ.) еншісіне бұйырса, үшінші орындарды Мейіржан Әбдімәлік (Түркістан обл.) пен Мейірхан Бейсенәлі (Түркістан обл.) өзара бөлісті.
Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте Абай облысының құрамасы үздік нәтиже (3 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль) көрсетіп, көш бастады. Қарағанды облысы екінші орынға (2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль) табан тіресе, Қызылорда облысының балуандары (2 алтын, 2 қола медаль) үздік үштікті түйіндеді.
Жарыстың соңғы күні аралас командалық сайысқа ұласты. Командалар ерлер мен әйелдер құрамынан жасақталып, әр кездесуде ерлердің төрт және әйелдердің үш салмақ дәрежесінде жеңімпаз анықталды. Яғни, бұл кезеңде балуандар өңірлерінің намысын қорғап, команда сапында белдескен болатын. Тартысты өткен бұл белдесулердің ақтық кезеңінде Қызылорда облысы мен Шымкет қаласының балуандары финалда кездесті. Нәтижесінде қызылордалық балуандар 4:2 есебімен жеңіске жетіп, аралас командалық жарыстың жеңімпазы атанды. Ал Абай облысы мен Түркістан олыстарының командалары жүлделі үшінші орындарды өзара бөлісті. Ерлер мен әйелдер қатар сынға түскен бұл формат Қазақстан кубогіндегі бәсекенің мазмұнын тереңдетіп, командалық үйлесім мен тактикалық дайындықтың маңызын айқындай түскені сөзсіз.