Қазақстандық спортшылар Азия кубогы кезеңінде үш финалға жолдама алды
Бангкокта (Таиланд) садақ атудан Азия кубогының бірінші кезеңі басталды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҰОК-қа сілтеме жасап.
Турнир аясында Қазақстан құрамасы командалық сайыста үш бірдей финалға жолдама алды.
Қазақстан әйелдер құрамасы блоктық садақ атудан жартылай финалда Малайзия құрамасын жеңді. Осылайша финалда Үндістанмен шеберлік байқасады. Құрама сапында Виктория Лян, Роксана Юнусова мен Диана Юнусова өнер көрсетуде.
Сонымен қатар ерлер құрамасы классикалық садақ атудан жартылай финалда Қытайлық Тайбэйді тізе бүктірді. Енді Қазақстан құрамасы ақтық сында Үндістанмен өзара мықтыны анықтайды. Құрама сапында Дастан Кәрімов, Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай ел намысын қорғауда. Сондай-ақ дәл осц дисциплинада әйелдер құрамасы Малайзияны жеңді. Осылайша финалда Қытаймен кездеседі. Диана Тұрсынбек, Самира Жұмағұлова және Александра Землянова жүлдеге таласады.
Айта кетейік, финал 27 наурызда өтеді.