Петропавлда Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовке пәтер кілті табысталды
Петропавлда Наурыз мейрамын тойлау барысында әлемдік деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар марапатталды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Петропавлда биыл Ұлыстың ұлы күні ерекше мазмұнда өтіп жатыр. Қала мерекелік атмосфераға бөленіп, ұлттық дәстүрлер мен заманауи үрдістер үйлесім тапқан іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ мереке аясында өңір абыройын асқақтатып жүрген азаматтарды ұлықтауға ерекше мән берілді. Биыл қысқы спорт түрлерінен Солтүстік Қазақстан облысының тоғыз спортшысы халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын лайықты қорғады.
– Айрықша атап өтерлік спортшылардың қатарында XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов бар. Ол ел қоржынына алтын және қола медаль салып, зор жетістікке жетті. Шаңғымен жүгіру спортында өнер көрсетіп жүрген Шумековалар да жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе, Германияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бес алтын және бір күміс медаль жеңіп алған Кристина Шумекованы ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ, 2026 жылғы Олимпиада ойындарында облысымыздан шыққан жалғыз спортшы Надежда Морозова да өңір намысын абыроймен қорғады, - деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Спортшылардың еңбегі елеусіз қалмай, оларға лайықты құрмет көрсетілді. Ербол Хамитовке үш бөлмелі пәтер табысталса, Надежда Морозоваға екі бөлмелі пәтер берілді. Ал Шумековалар отбасына үш бөлмелі пәтер кілті тапсырылды. Бұдан бөлек, бірқатар спортшы мен жаттықтырушылар ақшалай сертификаттармен марапатталды.