«Ақтөбе» бапкері: командада қорғаушылар жетіспейді
«Ақтөбе» клубының бас бапкері Николай Костов ҚПЛ-дің үшінші турында «Елімайдан» 1:4 есебімен жеңілген матчқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Маманның айтуынша, алғашқы жіберілген голға дейін команда ойын жағынан басым болған. Алайда сол сәттен кейін ойыншылардың әрекеті әлсіреп, физикалық дайындық жетіспеген.
Костов сондай-ақ құрамда қорғаушылардың тапшылығы бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, ауыстырулардан кейін команда әлсіреп, тепе-теңдік бұзылған.
«Бірінші голға дейін біз жақсы ойнадық. Бірақ кейін ойыншылар шаршап, ауыстыру қажет болды. Өкінішке қарай, ауыстырудан кейін команда әлсіреді. Қорғаушылар жетіспейді, тіпті орындықта да лайықты ойыншы болмады», — деді Костов.
Ол соңғы минуттардағы голды заңды нәтиже деп бағалап, қарсылас психологиялық тұрғыда басымдыққа ие болғанын айтты.
Осы жеңілістен кейін «Ақтөбе» 3 ұпаймен турнир кестесінде сегізінші орынға түсті. Келесі турда, 5 сәуір күні, команда «Ұлытаумен» кездеседі.