Жұмағұлов 11 сәуірде октагонға оралады
Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов келесі жекпе-жегінің күнін жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Спортшының айтуынша, ол келісімшартқа қол қойып қойған және 11 сәуір күні жекпе-жекке шығады. Жұмағұлов әлеуметтік желіде қысқа ғана жазба қалдырып, алдағы айқасқа дайындығын білдірді: «11 сәуір — мен соғысқа барамын».
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жекпе-жек IBA Nomad турнирі аясында өтуі мүмкін. Кездесу бокс ережесімен, бірақ ММА қолғаптарымен ұйымдастырылуы ықтимал.
Бұған дейін қарсылас ретінде UFC-дің бұрынғы файтері Мұхаммад Мокаев аталған еді. Алайда ол Hype FC турнирінде Арман Царукяннан жеңілгеннен кейін Алматыда жекпе-жек өткізбейтінін мәлімдеді.
Еске салсақ, Жалғас Жұмағұлов 2020–2023 жылдары UFC-де өнер көрсетті. Кейін Oktagon промоушеніне ауысып, чемпион атанды. Соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың желтоқсанында Прагада өткен Oktagon 81 турнирінде өткізіп, Давид Дворжакты жеңген еді.