Бақыт Сәрсекбаев: Лицензияларды ХОК елдерге өзі бөледі
Бокстан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев Futures Cup турнирінен кейін Олимпиаданың жолдамасы қалай үлестірілетінін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Бұл жарыста Олимпиада жолдамалары сарапқа салынбады. Лицензияларды Халықаралық Олимпиадалық комитеті елдерге өзі бөледі. Бізге қанша жолдама берілетінін нақты айту қиын. Себебі бұл шешім толықтай ХОК-тың құзырында. Дегенмен Африка құрлығындағы елдерге басымдық беріледі. Себебі дүбірлі дода Сенегалда өтеді. Бұл турнир фестиваль форматында ұйымдастырылмақ. Сондықтан әзірге ХОК-тың ресми шешімін күтеміз. Ал Таиландтағы турнирді жалпы деңгейіне қарай кіші әлем чемпионаты деуге болады. Себебі оған 77 елдің спортшылары қатысты.
Құрамды федерация және бапкерлер штабымен бірлесе отырып жасақтаймыз. Кімді жіберу керектігі олимпиадалық циклдегі нәтижелерге байланысты белгілі болады. Алда әлі Азия және әлем чемпионаты бар. Негізгі іріктеу сол жарыстардың қорытындысы бойынша жасалады. Оның үстіне, Олимпиада бағдарламасына барлық салмақ дәрежелері кірмеуі мүмкін. Қай салмақтар енгізілетіні де ХОК шешіміне байланысты.
Қазіргі таңда құрамды толық саралап, әр салмақ дәрежесі бойынша нақты талдау жасау қажет. Жалпы көрініс белгілі болғанымен, кейбір салмақтарда мәселелер бар. Сол себепті алдағы уақытта дәл осы салмақтарға ерекше назар аударылады
Біздің басты мақсатымыз - желтоқсан айында өтетін әлем чемпионаты. Сол жерде Олимпиадаға баратын негізгі құрам айқындалады», - деді бапкер.
Айта кетейік, Таиландтағы турнирге 78 ел қатысып, Қазақстан құрамасы 4 алтын, 4 күміс, 3 қоламен жалпы есепте 2-орынға тұрақтаған еді.
Бақыт Сәрсекбаев Futures Cup турнирін қорытындылады
Қазақстан құрамасы бокстан Futures Cup турнирін төрт алтын медальмен аяқтады