Пиралы Әлиев: матч тағдырын төрешілер шешіп кетті
Ақтаулық «Каспий» клубының бас бапкері Пиралы Әлиев ҚПЛ-дің екінші турында «Оқжетпестен» 1:3 есебімен жеңілгеннен кейін төрешілер жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Маманның айтуынша, матчтың тағдыры ойын соңындағы шешімдерге байланысты өзгерген. Ол командалар мұндай кездесулерге мұқият дайындалатынын, алайда кейбір шешімдер бәрін жоққа шығаратынын айтты.
Әлиев негізгі сәт 78-минутта, есеп 1:1 болған кезде орын алғанын атап өтті. Оның пікірінше, «Каспий» айқын пенальти алуы тиіс еді, бірақ төреші мен ВАР бұл эпизодты елемеген.
«Біз бірінші таймнан кейін ойынға қайта оралдық, есепті теңестірдік. Шешуші сәтте таза пенальти берілмеді. Осындай жағдайлар қайталана береді», — деді бапкер.
Сондай-ақ ол бұл жағдайға қатысты бейнежазба бар екенін және бір ойыншының жарақат алғанын айтты. Дегенмен маман команданың әлсіз ойнаған бірінші таймын және соңғы минуттарда жіберген голдарды ішкі талқылауда қарастыратынын жеткізді.
Еске салсақ, 80-минутқа дейін есеп тең болды. Кейін «Оқжетпес» шабуылшысы Оралхан Өміртаев 80 және 82-минуттарда гол соғып, матчтың қорытынды есебін 3:1 етті.