Қазақстандықтар Ербол Хамитовке ерекше құрмет көрсетті

Қазақстандықтар Ербол Хамитовке ерекше құрмет көрсетті

Бүгін, 17 наурызда Астана әуежайында қазақстандықтар Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан алтын, пара шаңғы жарысынан қола жүлдегер атанған Ербол Хамитовты салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Спортшыны жанкүйерлер, туған-туыстары және спорт саласының өкілдері күтіп алды. Ербол Хамитовты және ұлттық құраманың спортшыларын Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілі Бахыт Сапаров құттықтады.

«Бүгін еліміз үшін қуанышты күн. Тарихымызда алғаш рет Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан алтын медаль жеңіп алып, оған қоса бір Паралимпиадада екі бірдей медаль еншіледік. Бұл нәтиже — ерен еңбек пен тыңғылықты дайындықтың, мықты рухтың көрінісі. Осы ойындарға ұлттық құрама 7 спортшымен 2 спорт түрінен қатысып, жалпыкомандалық есепте 18-орынға тұрақтады. Спортшылардың әрқайсысы ел намысын абыроймен қорғады. Біз сіздермен мақтанамыз», - деді министр.

Шара барысында демеушілік танытқан құрылыс компаниясы Ербол Хамитовқа екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Бұған дейін, белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов спортшыға Chery Tiggo 7 автокөлігін сыйлайтынын мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар, спортшыға мемлекет тарапынан да заңға сәйкес барлық жүлделері үшін 160 млн теңгеге жуық ақшалай сыйақы табысталады.

Өз кезегінде спортшы да жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, арман-мақсатқа адал болу керектігін атап өтті. Ол бұл жетістік алдағы уақытта бұдан да үлкен нәтижелерге жетуге мотивация беретінін айтты.

Айта кетейік, Милан–Кортина қысқы Паралимпиадасы Италияда 6–15 наурыз аралығында өтті. Оған 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Ербол Хамитов Милан-Кортина Паралимпиадасының жеңімпазы!

Ербол Хамитов қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или