Экологиялық заңбұзушылық: КФФ басшысының анасының компаниясы айыппұл төледі
ҚФФ президенті Марат Омаровтың анасына тиесілі кәсіпорын экологиялық заңбұзушылықтар үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды Prosports.kz.
Nege Aqsha басылымының мәліметінше, тексеріс «Асыл Арман», «Алма Сити» тұрғын үй кешендері мен Абай ауылы тұрғындарының шағымынан кейін жүргізілген. Сондай-ақ Қарасай аудандық мәслихаты депутатының өтініші де негіз болған. Бұл туралы Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлаған.
Министрлік мәліметіне сәйкес, тексеру барысында жағымсыз иістің негізгі көзі кәсіпорынның шаруашылық қызметінен пайда болатын ағынды суларды қабылдайтын сүзгілеу алаңдары екені анықталған. Зертханалық талдаулар нәтижесінде ағынды сулар құрамында белгіленген шекті мөлшерден жоғары көрсеткіштер тіркелген.
Ведомство дерегінше, 2024 жылдан бері бұл кәсіпорын экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 49,9 миллион теңгені құрайды.
Дереккөздің мәліметінше, «KZ Recycling» компаниясы Шолпан Омароваға тиесілі. Ол — Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы әрі Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың анасы.
Еске салсақ, Марат Омаров Қазақстан футбол федерациясының президенті болып 2024 жылғы 20 желтоқсанда өткен кезектен тыс XXVII сайлау конференциясында сайланған.