Өз матчтарына бәс тіккен футболшылар өмір бойына дисквалификация алды

Өз матчтарына бәс тіккен футболшылар өмір бойына дисквалификация алды

АҚШ-тың басты футбол лигасы MLS екі ойыншыны өмір бойына футболдан шеттету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Тексеру нәтижесінде 29 жастағы Деррик Джонс пен 28 жастағы Яу Йебоаның ірі бәс тігу әрекеттеріне қатысы бары анықталған. Оның ішінде олар өз командаларының матчтарына да бәс тіккені белгілі болған. Екі футболшы да 2024 жылғы маусымда «Коламбус Крю» клубында бірге ойнаған, бірақ қазір MLS клубтарының ешқайсысымен келісімшарттары жоқ.

2025 жылдың қазан айынан бастап күмәнді бәс тігу әрекеттері бойынша алғашқы белгі түскен. Бұл туралы лигаға спорттағы адалдықты бақылаумен айналысатын серіктес ұйымдар хабар берген. Кейін толық тексеру жүргізу үшін арнайы заңгерлік компания тартылған.

Тергеу барысында ойыншылар 2024 және 2025 жылдардағы маусымдарда футбол матчтарына жүйелі түрде бәс тіккені анықталды. Соның ішінде өз командалары қатысқан ойындарға да ақша қойған. Мысалы, 2024 жылдың 19 қазанында «Коламбус Крю» мен «Нью-Йорк Ред Буллз» арасындағы матчта Джонстың сары қағаз алатынына бәс тіккен. Ойын барысында ол 35-минутта ереже бұзып, ескерту алған.

Осы оқиғадан кейін MLS спорттық бәс тігу ұйымдарымен бірге сары және қызыл карточкаларға бәс қабылдауды тоқтату туралы шешім қабылдады. Лига басшылығы көптеген платформалар бұл мүмкіндікті алып тастауға келіскенін мәлімдеді.

MLS ойыншылары үшін бәс тігу ережелері мен шектеулерін түсіндіретін арнайы оқу бағдарламалары да өткізіледі. Лига комиссары Дон Гарбер жарыстың адалдығын сақтау басты міндет екенін айтты.

Айта кетейік, тергеуден кейін Яу Йебоа Қытайдың «Циндао Хайниу» клубымен келісімшартқа қол қойған. Өткен демалыста ол жаңа командасы сапында алғашқы голын соқты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или