Дмитрий Бивол көктемнің соңында шаршы алаңға оралады
Жартылай ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Дмитрий Биволдың рингке қашан оралатыны белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бивол Артур Бетербиевпен өткен реваншта жеңіске жетіп, абсолютті чемпион атанған соң, екеуара трилогия Сауд Арабиясында ұйымдастырылады деп жоспарланған еді. Алайда ресейлік боксшы алдымен ескі жарақатын емдеу туралы шешім қабылдап, беліндегі жарақатына байланысты операция жасатқан. Спортшының қалыпқа келу процесі шамамен жарты жылға созылды.
Қазір Дмитрий Бивол толық айығып, шаршы алаңға қайта оралуға дайын. Оның келесі қарсыласы IBF тұжырымы бойынша міндетті үміткер саналатын германиялық Майкл Эйферт болуы мүмкін. Боксшылардың командалары арасындағы келіссөздер бірнеше рет кейінге шегерілгенімен, соңғы мәліметтерге қарағанда, тараптар ортақ келісімге келген.
Source of Boxing дерегінше, бұл жекпе-жек 23 мамырда Мысырдың Гиза қаласындағы пирамидалардың маңында өтетін үлкен бокс кешінің андеркардында ұйымдастырылмақ.
Қазақстандық боксшылар әлемдік рейтингтің алғашқы екі орнын иеленді