Михаил Шайдоров ISU сыйлығына үміткер атанды
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2025/26 жылғы маусым қорытындысы бойынша Халықаралық конькишілер одағының ISU Figure Skating Awards сыйлығына үміткерлер қатарына енді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Отандасымыз «Ең үздік костюм» аталымы бойынша ұсынылып отыр. Бұл номинация ерекше сахналық бейнесімен, креативтілігімен, стилімен және көркемдік шешімімен ерекшеленген мәнерлеп сырғанаушыларға беріледі.
Михаил Шайдоров үміткерлер тізіміне еркін бағдарламадағы костюмі үшін енгізілді. Жалпы алғанда, аталым бойынша 16 спортшы (жекелей және жұптық сайыста) ұсынылған. Олардың қатарында америкалық Илья Малинин, эстониялық Александр Селевко, жапониялық Каори Сакамото, Адам Сяо Хим Фа, Мэдисон Чок / Эван Бейтс (АҚШ), Ли Хэ Ин (Оңтүстік Корея), Анастасия Губанова (Грузия) және басқа да танымал спортшылар бар.
Бұдан бөлек, маусым қорытындысы бойынша «Ең үздік бапкер», «Ең үздік хореограф» және «Ең әсерлі бағдарлама» аталымдарының жеңімпаздары да анықталады.
Жанкүйерлер арасында дауыс беру ISU-дың ресми сайтында өтіп жатыр. Қолданушылар 18 наурызға дейін өз таңдауларын жасай алады. Осыдан кейін әр аталым бойынша үш финалист анықталып, соңғы жеңімпаздарды осы спорт түрінің сарапшыларынан құралған қазылар алқасы анықтайды.
Спортшымызға қолдау білдіріп, мына сілтеме арқылы дауыс беруге болады!
Сыйлықты табыстау рәсімі 29 наурызда Чехияның Прага қаласында, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты аяқталған соң өтеді.
Айта кетейік, еркін бағдарламаға арналған костюм қазақстандық дизайнерлердің қатысуымен әзірленген. Спортшы қанық көк түсті таңдаған. Бұл түс «Бесінші элемент» фильмінің тұтас атмосферасын айқын көрсетеді. Дизайны жұлдыздарды еске түсіретін шыны әшекейлер және тастармен толықтырылған. Өз өнерінен кейін Шайдоров бұл костюмді Олимпиада мұражайына тапсырды.
Еске салайық, Михаил Шайдоров 2026 жылы Милан-Кортинада өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қысқы спорт түрлерінен шыққан екінші Олимпиада чемпионы атанды.
Михаил Шайдоровтың жалақысы белгілі болды
Жеке кәсіпкер Михаил Шайдоровтың әкесіне көлік сыйлады
Михаил Шайдоровты дайындаған мамандардың айлығы жарияланды
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты Астанада салтанатты түрде қарсы алды