Сұлтан Заурбек WBO рейтингінен шығып қалды
Қазақстандық боксшы Сұлтан Заурбек жартылай жеңіл салмақтағы WBO рейтингісінен алынып тасталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жаңартылған рейтингте қазақстандық спортшы ең үздік 15 боксшының қатарына енбеді. Бұрын Заурбек 14-ші орында тұрған еді.
Аталмыш салмақтағы чемпиондық белбеу мексикалық Эмануэль Наваррете қолында. Филиппиндік Чарли Суарес, австралиялық Лиам Уилсон және жапондық Кеничи Огава белбеуге лайық үміткерлер санатында аталып жүр.
Сұлтан Заурбектің соңғы кездесуі 5 сәуірде Астанада өтті. Ол сол матчта Оңтүстік Африка өкілі Азинга Фузиледі төрешілердің бірлескен шешімімен жеңді.
Айта кетелік, Заурбек ұзақ уақыт Ұлыбританияда жаттығып, Wasserman Boxing промоутерлік компаниясы аясында өнер көрсеткен. Жаттығу кезінде ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Энтони Джошуамен бір залда дайындалған болатын.