Шайдоровқа құрмет көрсеткені үшін Малинин ХОК марапатын алды
ХОК америкалық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малининге «Fair Play» сыйлығын табыстады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл марапат Ақ ойын кезінде көрсеткен спорттық мәдениеті үшін берілді. Малинин Олимпиадада фавориттердің бірі саналғанымен, еркін бағдарламада сәтсіз өнер көрсетуден кейін сегізінші орынмен ғана шектелді. Соған қарамастан ол жеңімпаз атанған қазақстандық Михаил Шайдоровты бірден барып құттықтады.
«Мен Михаилді нәтиже үшін ғана емес, спортшы ретінде бірге жүріп өткен жолымыз үшін құттықтадым. Әлемдегі жанкүйерлер осы сәтті сезінгені мен үшін кез келген жүлдеден де қымбат» деді Малинин.
ХОК президенті Кирсти Ковентри бұл әрекет нағыз спорт рухын көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, спорттағы ұлылық тек медальмен емес, ең қиын сәтте қарсыласқа көрсетілген құрметпен өлшенеді.
Айта кетелік, «Fair Play» сыйлығына дауыс беру рекордтық көрсеткішке жетті. Салтанатты рәсім Италиядағы Cortina d'Ampezzo қаласында өтті. Бұл марапат алғаш рет 1964 жылы италиялық бобслейші Eugenio Montiге табысталған еді.