Астаналық клубтың жағдайы қиындай түсті
Астаналық «Барыс» биылғы маусымда плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.
2025/2026 жылғы тұрақты чемпионат бойы команда тұрақты ойын көрсете алмады. Кей матчтарда топ-клубтарды жеңсе, келесі кездесулерде күтпеген жеңілістерге ұшырап отырды. Қазір астаналық ұжым Шығыс конференциясында оныншы орында келеді. Соңғы орыннан оларды небәрі үш ұпай бөліп тұрса, плей-офф аймағынан 11 ұпай қалып келеді.
Қазір плей-офф жолдамасының тағдыры тек «Барыстың» өз нәтижесіне ғана байланысты емес. Егер 5 наурызда новосібірлік «Сибирь» Қытайда «Шанхай Дрэгонс» командасын жеңсе, онда 60 ұпай жинап, «Барыс» үшін қолжетімсіз болады. Қазір астаналық клубтың еншісінде 47 ұпай бар және қалған алты матчтың бәрінде жеңіске жеткен күннің өзінде «Сибирьді» басып оза алмайды.
Ал егер «Сибирь» Қытайдағы ойында ұпай жоғалтса, «Барыстың» үміті сақталады. Ондай жағдайда 7 наурызда «Шанхай Дрэгонсқа» қарсы матчта міндетті түрде жеңіске жетуі керек. Егер бұл кездесуде жеңіліп қалса, онда астаналық команданың плей-оффқа шығу мүмкіндігі толықтай жойылады.
Тұрақты чемпионат аяқталғанша «Барыс» тағы алты матч өткізеді. Команда 7 наурызда Шанхайда «Шанхай Дрэгонс» клубымен кездеседі. Кейін Хабаровскіде «Амурмен», Владивостокта екі рет «Адмиралмен», тағы бір мәрте Астанада «Адмиралмен» ойнайды. Ал соңғы матч 20 наурызда Новосібірде «Сибирьге» қарсы өтеді.