Алдияр Нұрғали «Леванте» резервінде дебют жасады
17 жастағы қазақстандық шабуылшы Алдияр Нұрғали «Леванте» клубының резервтік құрамында алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz ASnews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұрын «Астана» мен «Қайрат» жүйесінде ойнаған футболшы Испанияның бесінші дивизионында «Родаға» қарсы матчқа қатысты. Кездесу 1:2 есебімен аяқталды. Нұрғали алаңда 25 минут өнер көрсетіп, осы уақыт ішінде екі қауіпті сәт ұйымдастырды.
Футболшының айтуынша, аға топқа ауысуы бұрыннан жоспарланған. Алайда бапкер чемпиондық үшін күрес жүріп жатқандықтан, жастарға көп мүмкіндік беруге асықпай отырғанын жеткізді. Нұрғали алыс қашықтықтан соққы жасаған сәттердің бірін қақпашы қайтарғанын атап өтті.
24 тур қорытындысы бойынша «Леванте» екінші командасы көшбасшы «Кастельоненседен» небәрі төрт ұпайға қалып келеді.
Еске салайық, жасөспірімдер құрамасының вингері Алдияр Нұрғали үш жыл бұрын Испанияға ауысқан. Соңғы айларда оған «Валенсия» мен «Вильярреал» клубтары қызығушылық танытқаны хабарланған.