УЕФА 2025 жылғы қаржылық қорытындыларды жариялады
Лондондық «Челси» 2025 қаржы жылының қорытындысы бойынша салыққа дейінгі ең ірі шығын көрсеткен еуропалық клуб атанды, деп хабарлайды Sports.kz.
УЕФА жариялаған деректерге сәйкес, ағылшын клубының шығыны 355 миллион фунт стерлингті құраған. Бұл көрсеткіш құрлықтағы барлық командалар арасындағы ең жоғары нәтиже болып отыр.
Антирейтингте екінші орын француздың «Лион» клубына тиесілі — 171 миллион фунт шығын. Үшінші сатыда тағы бір ағылшын клубы — «Тоттенхэм» (129 миллион фунт). Сондай-ақ ең көп қаржылық минус көрсеткен алғашқы бестікке «Марсель» (92 миллион) мен «Астон Вилла» (85 миллион фунт) кірді.
Салыққа дейінгі ең үлкен шығынға ұшыраған он клубтың қатарына «Ноттингем Форест» пен «Манчестер Сити» (екеуі де 82 миллион фунт), француздың «Страсбур» (71 миллион), нидерландтық «Аякс» (45 миллион) және италиялық «Ювентус» (44 миллион фунт) енді.