Шпилевский: Өз денесін қадағаламаған бапкер футболшыдан не талап етеді?!
Ресейлік «Пари НН» бас бапкері Алексей Шпилевский жаттықтырушы ойыншыларға үлгі болу керектігін жеткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бас бапкер сөзіне сүйенсек, өзі дұрыс тамақтанып, дене пішінін сақтай білген маман ғана құрамадан еңбек пен күшті һәм нәтижені талап ете алады. Сонда барып ол футболшыларға жауапкершілікті, уақытылы жүруді, ас пен сыртқы көріністі қадағалауды үйрететінін атап өтті.
«Мен кей жаттықтырушыларды түсінбеймін: өз сыртқы көрінісін, дене пішінін қадағаламайтын адам қалай футболшылардан бар күшін салуды талап ете алады? Егер адам өзіне қарамаса, тамақтануына мән бермесе, команданы қандай тәртіпке үйретеді? Еуропалық мамандарға қараңыз: барлығы стильді, өз командасына үлгі. Тренер өзі үлгі болса ғана ойыншылардан жауапкершілік пен нәтижені талап ете алады» деді ол «Спорт-Экспресс» газетіне берген сұхбатында.
Айта кетелік, «Пари НН» Ресей Премьер-лигасында 14 ұпаймен 14-орында тұр және 28 ақпанда «Локомотивке» қарсы ойын өткізеді.