Элизабет Тұрсынбаева: «Ақыры мәнерлеп сырғанау лайықты бағасын алды»
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева отандастары Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаның Олимпиада-2026 ойындарындағы тарихи жетістігіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Тұрсынбаеваның айтуынша, дәл осы нәтижелерден кейін Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылық айтарлықтай артқан.
«Ақыры мәнерлеп сырғанау елімізде лайықты назар ала бастады. Бұл анық сезіледі. Барлығы Миша мен Софьяның арқасы. Шайдоровтың алтыны Қазақстанды әлемге танытып қана қоймай, елімізде өсіп келе жатқан жас буынға үміт сыйлады» деп жазды Тұрсынбаева Instagram парақшасында.
Сондай-ақ ол спорттық мансабын аяқтағанына қарамастан, отандастарының нәтижесі өзіне де шабыт бергенін атап өтті.
Айта кетелік, 2026 жылғы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алса, Софья Самоделкина оныншы орын алып, өзінің жеке рекордын жаңартқан болатын.