Лебронның рекордын ешкім жаңарта алмайтыны айтылды
NBA-ның бұрынғы ойыншысы, «Милуоки Бакс» сапында чемпион атанған Джефф Тиг «Лос-Анджелес Лейкерс» форварды Леброн Джеймстің тарихи рекорды туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz Чемпионатқа сілтеме жасап.
Тигтің айтуынша, 43 008 ұпай жинаған Джеймстің көрсеткішін болашақта ешкім қайталай алмайды. Оның пікірінше, мұндай жетістікке жету үшін ұзақ жыл бойы жарақатсыз, жоғары деңгейде ойнау қажет. Ол Джеймстің 20 жылдан астам уақыт бойы тұрақты түрде формада болғанын ерекше атап өтті. Тек «Лейкерсқа» ауысқан алғашқы маусымында ғана тобық жарақатына байланысты көп матч өткізіп алғанын айтты.
Айта кетейік, NBA тарихындағы ең үздік сұрмергендер тізімінде екінші орында Карим Абдул-Джаббар тұр — оның еншісінде 38 387 ұпай бар. Қазіргі ойыншылар арасынан үздік ондықта тек Кевин Дюрант (31 945 ұпай) пен Джеймс Харден (28 917 ұпай) ғана бар.