Astana Team Канададағы халықаралық хоккей турнирінде үздік шықты
Канададағы Квебек қаласында беделді жасөспірімдер турнирі – Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament 2026 мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz сайты Sports24.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық «Astana Team» командасы турнир құрылымындағы екінші ең мықты AA Elites дивизионының жеңімпазы атанды.
Қазақстан құрамасының сапында «Торпедо», «Астана», «Юность» ойыншылары, сонымен қатар «Тайгерс Алматы» мен «Михайлов академиясынан» бір-бірден хоккейші өнер көрсетті. Бір жыл бұрын бұл ұжым дәл осындай жас санатында күміс жүлде еншілеген еді.
Топтық кезеңде Astana Team барлық матчтарда жеңіске жетіп, плей-оффқа жолдама алды. Ширек финалда қазақстандықтар алаң иелері – Quebec Nordique»-ті 3:1 есебімен ұтса, жартылай финалда «Quebec Remparts»-тан 2:1 есебімен басым түсті, ал финалда шиеленісті кездесуде Noir d'Or des Montagnes командасын буллиттер сериясында 4:3 есебімен тізе бүктірді.
Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament – жыл сайын Канаданың төрінде өтетін, әлемдегі ең танымал жасөспірімдер турнирлерінің бірі. Дода төрт дивизионда: BB, AA, AA Elites және ең жоғары AAA санатында ұйымдастырылады.
AA Elites дивизионындағы жеңіс Astana Team ұжымына келесі жылы ең мықты AAA дивизионында ойнауға мүмкіндік береді. Бұл шешімді турнирдің ұйымдастыру комитеті қабылдайды. Қазақстандық команда бұл жарысқа екінші жыл қатарынан қатысып отыр, ал биыл AA Elites дивизионына алғаш рет 2024 жылы Францияда өткен іріктеу турниріндегі жеңістің арқасында жолдама алған.