«Реалда» бас бапкердің шешімдеріне сын күшейді
Мадридтің «Реал» клубының бас бапкері Альваро Арбелоа Ла Лиганың 25-туры аясында «Осасунадан» 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін қысымға түсті, деп хабарлайды Prosports.kz. Енді 25 ақпанда өтетін Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Бенфикамен» қарымта кездесу маманның тағдырына әсер етуі мүмкін.
Дереккөздің мәліметінше, «Реал» футболшылары командадағы жағдайға сенімін жоғалта бастаған, ал клуб басшылығы Арбелоаның тактикалық шешімдерін түсінбей отыр. Әсіресе ойыншыларға ыңғай жасауға бағытталған қадамдары мен матч кезіндегі ауыстырулары түсініксіз деп бағаланған.
Клуб басшылығы Арбелоа командаға жүлде әперсе, онымен жұмысты жалғастыруға дайын. Алайда «Бенфикамен» ойында сәтсіздікке ұшыраса, 43 жастағы маманмен келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдануы ықтимал. Дегенмен «Реал» мұндай сценарийден қашқысы келеді, өйткені қазіргі уақытта лайықты үміткер жоқ, әрі бір маусымда үшінші бапкерді тағайындау үшін ақпан айы тым ерте саналады.