Головкин Қытаймен келіссөз жүргізді
2026 жылғы Қысқы Олимпиада аясында Милан қаласында Қазақстан мен Қытай Ұлттық олимпиадалық комитеттері басшыларының іскерлік кездесуі өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан тарапынан жиынға ҰОК президенті Геннадий Головкин және бас хатшы Алимжан Акаев қатысты. Қытай делегациясын ұйым басшысы Гао Чжидан мен бас хатшы У Цзянь бастап келді.
Кездесуде әйелдер боксы және ерлер һәм йелдер арасындағы суға секіру спорты бойынша бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу мәселесі талқыланды. Қытай тарапы Қазақстан спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктерін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың Олимпиада алтынын жоғары бағалады.
Айта кетелік, Қытай өкілдері Алматыны 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын қабылдайтынымен құттықтап, қаланың ыңғайлы орналасуының маңызын атап өтті.