Жұмағұлов мансабын аяқтауы мүмкін
Еуропаның Oktagon лигасының аса жеңіл салмақтағы чемпионы Жалғас Жұмағұлов UFC-ге қайта оралу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Betonmobile сайтының мәліметінше, сәуір немесе мамыр айында Америкаға баруды жоспарлап отыр. Сол жақта біраз уақыт болып, жағдайды бағамдайды. Егер мүмкіндік туып жатса, UFC-де біреудің орнына қысқа мерзімде жекпе-жекке шығуға келісімшартқа отыруға дайын. Ал егер UFC жағынан ұсыныс болмаса, онда Oktagon чемпионы ретінде белбеуін қорғап, содан кейін ММА-дегі мансабын аяқтауы да мүмкін екенін жеткізді.
Жақында Жұмағұлов жарақат алған Асу Алмабаевтың орнына Брэндон Мореномен айқасуға дайын екенін мәлімдеген еді. Алайда UFC басқа шешім қабылдап, Мореноға қарсы жас британ файтері Лонир Кавананы шығарды.
Биыл Жалғас Жұмағұлов 38 жасқа толады. Қазір ол Oktagon лигасының чемпионы. Егер осы жылы UFC-мен келісім жасалмаса, спортшы белбеуін қорғағаннан кейін кәсіби мансабын аяқтауы ықтимал.