Ирландиялық файтер қарсыласын білетінін айтты
UFC-дің бұрынғы қос салмақтағы чемпионы Конор Макгрегор келесі жекпе-жегіне келісім бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Спортшы әлеуметтік желідегі X парақшасында өзіне қарсылас пен жекпе-жек күні ұсынылғанын, оған келісім бергенін және келісімшартты күтіп отырғанын жазған. Алайда көп ұзамай бұл жазбаны өшіріп тастаған. Макгрегор қарсыласының есімін де, жекпе-жектің нақты қашан өтетінін де ашып айтқан жоқ.
Жазбаның өшірілуі оның UFC-ге жақын арада оралуы мүмкін деген әңгімені күшейтті. Ирландиялық соңғы рет 2021 жылдың шілдесінде UFC 264 турнирінде октагонға шығып, Дастин Порьеден бірінші раундта ауыр аяқ жарақатына байланысты техникалық нокаутпен жеңілген еді. Содан бері ММА ережесі бойынша айқас өткізген жоқ.
Макгрегор кәсіби мансабында 22 жеңіске жетіп, алты рет жеңілген. Ол UFC тарихында бір мезетте екі салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеу иеленген алғашқы спортшы ретінде тіркелген.