Шайдоровтың гала-кешінің билет құны 3,5 миллион теңгені құрайды
2026 жылғы Олимпиада чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияның Милан қаласында өтетін қорытынды гала-концертке қатысады. Алайда бұл шоуға билет бағасы жанкүйерлерді таңғалдырып отыр, деп хабарлайды Prosports.kz.
21 ақпанда өтетін кеште Олимпиада чемпиондары мен әлемнің үздік спортшылары мұз айдынына шығады. Олардың қатарында жапониялық Юма Кагияма, америкалық Илья Малинин және ресейлік Пётр Гуменник бар.
Ақпаратқа сәйкес, А секторындағы ең қымбат билет бағасы 5 793 еуро. Шамамен 3,5 миллион теңге. Ал ең арзан билет 488 еуро (шамамен 300 мың теңге) тұрады.
Айта кетелік, 13 ақпанда Шайдоров еркін бағдарламадан кейін сенсациялық түрде Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алып, Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш чемпион атанған еді.