Самоделкинаның ресейлік қарсыласы қиын элементсіз жеңіліп қалуы мүмкін
Командалық турнирде Олимпиада жүлдегері атанған ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Александр Энберт 2026 жылғы Олимпиада қарсаңында Аделия Петросянның мүмкіндігін саралап баға берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оның сөзіне сүйенсек, қысқа бағдарламада Петросянның техникалық базасы өте мықты. Атап айтқанда, қос аксель, үштік лутц және үштік флип бар. Бұл топ-3 деңгейіндегі спортшыларға тән күрделілік. Алайда негізгі мәселе компоненттік бағалар мен төрешілердің көркемдік ұпайынла болып тұр.
Энберттің пікірінше, Петросян бағдарламаларын мінсіз орындаса да компоненті бойынша көшбасшылардан едәуір қалып қоюы мүмкін.
«Қысқа бағдарламада айырмашылық шамамен 4 ұпай болуы ықтимал. Еркін бағдарламада бұл 7–8, тіпті 10 ұпайға дейін жетуі мүмкін. Екі бағдарлама қорытындысы бойынша көшбасшылардан 10 ұпайдан астам қалып қоюы ғажап емес» деді ол.
Энберт басты қарсыластар ретінде жапониялық Каори Сакамото мен америкалық Алиса Люді атады.
Айта кетелік, бұл айырмашылықты қысқарту үшін Петросян еркін бағдарламада ультра-си элементтерін орындауы керек. Әйтпесе компоненттердегі кемшілік орнын толықтыру қиынға соғады.