«Ордабасы» футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойылды
Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы жеке басқаруға өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін «Ордабасы» кәсіби футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойылды. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшылығы қатысты.
Меморандум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Құжат жеке инвестициялар жұмылдыруды, тұрақты нарықтық басқару моделіне көшуді және заманауи корпоративтік басқару стандарттарын енгізуді көздейді. Негізгі бағыттардың қатарында материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру бар.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіби спортқа жеке инвестиция тарту футбол инфрақұрылымын дамытуға, жас ойыншыларды даярлауға және қаланың елдегі футбол орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Өз кезегінде серіктестік басшысы Шахмұрат Мүтәліп компанияның клубты дамытуды ұзақ мерзімді әрі әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қарастырылатынын айтты.
«Ордабасы» – тарихы бай әрі жанкүйерлері мықты қолдау көрсететін клуб. Біздің алдымызда инфрақұрылымға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыруға баса мән бере отырып, клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр, - деді ол.