Шохбоз Умаров: КПЛ-ді сынау әділетсіз
Өзбекстандық жартылай қорғаушы Шохбоз Умаров Қазақстан Премьер-Лигасының деңгейіне қатысты пікір білдіріп, чемпионатқа айтылатын сынмен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Футболшының сөзінше, ол бұған дейін Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп, осы уақыт ішінде Беларусь пен Қазақстанда трофейлер жеңіп алған. Бес жылдық үзілістен кейін отанына оралып, Өзбекстан Суперлигасында бақ сынап көргісі келгенін жеткізді. Сонымен қатар Умаров КПЛ-ге бағытталған сынның негізсіз екенін атап өтті.
Жартылай қорғаушы чемпионаттарды салыстыруды ұнатпайтынын, әр ойыншының басты мақсаты — алаңда өз деңгейін көрсету екенін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан Премьер-Лигасы соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді.
Айта кетейік, Шохбоз Умаров Қазақстанда «Тұран», «Тобыл» және «Ордабасы» клубтарының намысын қорғаған. «Ордабасы» сапында ол Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын жеңіп алған.