Александр Панфилов: ұлттық құрама 1998 жылғы жүлдеден кейін Олимпиада ойындарында үздік нәтиже көрсетті

Александр Панфилов: ұлттық құрама 1998 жылғы жүлдеден кейін Олимпиада ойындарында үздік нәтиже көрсетті

Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Панфилов Олимпиада ойындары аясында өткен алғашқы жарыс күнін қорытындылады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҰОК-ке сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 7 ақпанда Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында конькимен жүгіруден жарыстар басталды. Алғашқы жүлделер әйелдер арасында 3000 метр қашықтықта сарапқа салынды.

Бұл қашықтықта Надежда Морозова алтыншы орынға тұрақтаса, Елизавета Голубева оныншы нәтиже көрсетті.

"Надежда Морозова өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сонымен қатар Елизавета Голубева да үздік ондыққа енді. Айта кету керек, бұған дейін Олимпиада ойындарындағы ең үздік нәтижеміз 2014 жылы тіркеліп, жетінші орын алған едік. Әрине, 1998 жылы Людмила Прокашева жеңіп алған тарихи қола медальді есепке алмадым. Мен сол жүлдеден кейінгі көрсеткіштер туралы айтып отырмын.

Алғашқы күн біз үшін өте сәтті өтті. Оның үстіне 3000 метр – қыздардың негізгі қашықтығы емес. Олар көбіне 1000 және 1500 метрге маманданған. Сондықтан бұл нәтиже бізге үлкен үміт сыйлайды.

Сондай-ақ бүгін жеңімпаздың нәтижесі бәрімізді таңғалдырды. Алтын жүлдені Франческа Лолобриджида жеңіп алды. Ол маусым барысында мұндай нәтиже көрсетпеген еді. Бірақ өз еліңнің қолдауы сезіледі ғой. Сонымен қатар жұбы да мықты болды. Канадалық спортшы да жүлдегерлер қатарына енді. Бізге жұп жағынан сәл сәттілік жетпеді. Дегенмен спортшыларымыз лайықты өнер көрсетті. Нәтижеге көңіліміз толады. Барша жанкүйерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз", – деді бас бапкер.

Сурет: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі


Қазақстандық спортшы Олимпиададағы нәтижесі үшін қанша миллион алады?


Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или