«Мүмкін, уақыттары болмаған шығар»: француздар Қазақстан құрамасының костюмін сынға алды
Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты кезінде француздық France TV Direct телеарнасының комментаторлары Қазақстан спортшыларының киім үлгісін сынады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Тікелей эфир барысында француз тілшілері қазақстандық атлеттердің формасындағы дәстүрлі элементтердің жоқтығына және костюмдердің қарапайым дизайнына таңғалғанын жасырмады.
«Көк түсті қазақстандықтар! Біз оларды дәстүрлі нақыштағы костюмде көреміз деп ойлаған едік. Мүмкін, олардың уақыты болмаған шығар. Оның орнына Елена Рыбакинаның Australian Open турниріндегі жеңісін атап өткен болар» деп әзілдеді репортёрлердің бірі.
Айта кетелік, Қазақстан Олимпиадаға дайындыққа 13 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған. Милан–Кортинадағы басты төртжылдық додада ел намысын 36 спортшы қорғайды.