Руслан Байтуков: Қазақстан шақырмаған соң, туған клубыма оралдым
Этникалық қазақ, ресейлік қорғаушы Руслан Байтуков Ресей чемпионатының екінші дивизионында клубын өзгерту себебін айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Менің «Торпедо» командасынан «Челябинскке» ауысқаным рас. Клубпен екіжақты келісім бойынша. Қазақстан құрамасынан шақыру болған жоқ. Негізінде, туған клубыма оралдым. Мен футболды дәл Челябинскіде бастағанмын» деді Байтуков Legalbet.kz-тің тілшісі Виталий Гетцке.
Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы 28 жастағы орталық қорғаушы Руслан Байтуков бала кезінде отбасымен Челябинскке көшіп, сол жерде футболмен айналыса бастаған.
Айта кетелік, Ресей Бірінші лигасының 2025/2026 жылғы турнирінде Байтуков «Торпедо» сапында 13 ойын өткізді. Қаңтардың соңында ол бос трансфер бойынша «Челябинск» командасына ауысты. Қазіргі таңда Transfermarkt бұл ойыншыны 300 мың еуроға бағалайды.