Кит Турман Фундораны нокаутқа жіберетініне сенімді
Жартылай орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Кит Турман бірінші орта салмақта WBC белбеуінің иегері Себастьян Фундораны нокаутқа түсіріп, чемпиондық атағын қайтарып алатынына сенімді, деп хабарлайды Prosports.kz. Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 28 наурызда Лас-Вегаста өтеді.
«Мен оның қандай қателіктер жіберетінін қазірдің өзінде көріп тұрмын. Мені жеңу Фундора үшін мансабындағы ең үлкен жетістік болар еді. Иегінен ұрған сәтте не болатынын көресіздер, ол күлкілі бір би билейді», — деді Турман баспасөз мәслихатында.
Бұл кездесу бастапқыда 25 қазанға жоспарланған, алайда Фундораның қолынан алған жарақатына байланысты кейінге шегерілген. Алдағы айқас чемпион үшін белбеуді үшінші рет қорғау болмақ.
«Қазір айтылып жатқанның бәрі сөз ғана. Ол тәжірибелі боксшы, ал рингте кез келген жағдай болуы мүмкін. Біз барлық нұсқаға дайын боламыз. Мені көпшілік әлі де төмен бағалайды деп ойлаймын, бірақ бұл — бокстың бір бөлігі. Ең бастысы — рингке шығып, өз деңгейіңді көрсету», — деді Фундора.