Астанада Дэвис кубогы матчының жеребесі тартылды
Астанада Қазақстан мен Монако құрамалары арасындағы Дэвис кубогы матчының жеребесі өтті, деп хабарлайды Prosports.kz. Рәсім 5 ақпанда бірінші Әлемдік топтың плей-офф кезеңі қарсаңында ұйымдастырылды.
6 ақпанда қазақстандық команда қарсыласын өз алаңында қабылдайды. Қос құрама арасындағы текетірестің жеңімпазы әлемдік элитадағы орнын сақтап, 2026 жылдың қыркүйегінде Дэвис кубогының 2027 жылғы финалдық кезеңіне іріктеу жолдамасы үшін күреседі.
Қазақстан құрамасының сапына Александр Бублик, Александр Шевченко, Тимофей Скатов, Бейбіт Жұқаев және Денис Евсеев енді. Матч регламентіне сәйкес, командалар бес кездесу өткізеді: төрт жекелей және бір жұптық ойын.
Жеребе қорытындысы бойынша алғашқы ойын күнінде Александр Бублик Юго Ниске қарсы ойнайды, ал Александр Шевченко Валентино Вашеромен кортқа шығады. Келесі күні жұптық кездесуде Бейбіт Жұқаев пен Александр Бублик өнер көрсетіп, одан кейін тағы екі жекелей матч өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Монако құрамалары Дэвис кубогы аясында алғаш рет кездескелі отыр. Барлық матчтар Ұлттық теннис орталығы «Beeline Arena» корттарында өтеді.
Тунис турнирі: Қазақстандық теннисші жарысты сәтті бастады
Қазақстандық 17 жастағы теннисші әлемдегі үздік 10 теннисшінің қатарында