Дастан Амангелді: Германияда ММА-ны қатты жақсы көреді

Дастан Амангелді: Германияда ММА-ны қатты жақсы көреді

Өткен демалыс күндері OKTAGON ММА лигасындағы қазақстандық спортшылар қатары тағы бір жауынгермен толықты, деп хабарлайды Prosports.kz. Ұйымның аса жеңіл салмақтағы чемпионы Жалғас Жұмағұловқа бір салмақ жоғары өнер көрсететін Дастан Амангелді қосылды. Айта кетерлігі, Жалғас Жұмағұлов өз әріптесіне «Еркін Күш» клубынан секундант болды. Қазақстандық файтер OKTAGON-дегі алғашқы жекпе-жегінде жанкүйерлерге жақсы таныс бразилиялық Вандерлей Жуниорды төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.

Осыдан кейін Prosports.kz тілшісі Дастан Амангелдімен байланысып, оның «еуропалық UFC» аталып жүрген промоушндегі дебютінен алған әсерін сұрады.


– Дастан, OKTAGON-дегі жеңісті дебютіңізбен құттықтаймыз. Алғашқы әсеріңіз қандай?

– Құттықтағандарыңызға рақмет. Әсерім өте жақсы. Жеңіске жеттім, өзімді жақсы қырынан көрсете алдым деп ойлаймын. Алғашқы жекпе-жек үшін бәрі жоспарға сай өтті.

– OKTAGON-ды кейде «еуропалық UFC» деп атап жатады. Бұған келісесіз бе?

– Иә, белгілі бір деңгейде келісемін. Мұнда бәрі өте кәсіби ұйымдастырылған. Уақытқа қатты қарайды: жекпе-жекке шығу, салмақ өлшеу – бәрі нақты тәртіппен өтеді, ешқандай жеңілдік жоқ.


– Ал салмақ өлшеу кезінде 100 грамм артық шыққан жағдай қалай болды?

– Мұнда әр жұпқа нақты уақыт беріледі. Біздің жұп таңғы 08:40-қа дейін өлшенуі керек еді. Мен сол уақытта 100 грамм тастай алмай қалдым. Кейін ресми өлшеуден өтіп, қосымша 10–15 минут ішінде салмақты толық түсірдім.

– Жекпе-жектен алған жалпы әсеріңіз қандай?

– Жалпы айқас мен күткендей өтті. Бірақ жекпе-жек барысында аяқтайтын мүмкіндіктер болды. Акклиматизация мен ауыр салмақ қуу әсер етті, сол себепті шешуші сәтте күш жетпей қалды.

– Толық дистанцияға дайын болдыңыз ба?

– Иә, соған дайындалдым.

– Бұрышта Жалғас Жұмағұловтың болуы сенімділік қосты ма?

– Әрине. Жалғас – тәжірибелі файтер әрі секундант. Жекпе-жек кезінде қалай бағыт беру керегін жақсы біледі. Бұл үлкен сенімділік береді.

– Қарсыласыңыз туралы не айтасыз?

– Өте тәжірибелі, қауіпті қарсылас. Соққылары ауыр. Бір-екі рет дәл тиді, әлі күнге дейін гематомалар бар. Ол түрлі ұйымдарда төбелескен. Бірақ жекпе-жекке дейін деңгей жағынан одан мықты екенімді білдім.

– Германиядағы жанкүйерлердің қолдауы қалай болды?

– Германияда ММА-ны қатты жақсы көреді. Жекпе-жектен кейін көп жанкүйер маған жақындап, сұрақ қойды. Баспасөз-конференцияда таратқан шоколадымды сұрап, келесі қарсыласым кім болатынын, жоспарымды білгісі келді.

– Ал алдағы жоспарыңыз қандай?

– Қазір аздап демаламын. Сосын Америкаға Алиби Ыдырыстың жекпе-жегіне барамын. Рамазан айын өткіземін. Одан кейін келесі жекпе-жекке дайындық бастаймын, шамамен мамыр–маусым айларына.


Фото: OKTAGON, Дастан Амангелдінің жеке архивінен

Артем Резников ACA 200 турнирі алдында салмақ өлшеуден өтті

Бұрынғы UFC файтері Махачевпен жекпе-жек өткізгісі келеді


Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или