Марко Ройс «Ақтөбеге» ауысуы мүмкін
Германия құрамасының және дортмундтық «Боруссияның» бұрынғы футболшысы Марко Ройс Қазақстанға келуі мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Инсайды от Карпа» мәліметінше, 36 жастағы жартылай қорғаушыға «Ақтөбе» клубынан ұсыныс түскен. Футболшы жақын арада өз шешімін айтуы тиіс.
Марко Ройс кәсіби мансабының басым бөлігін «Боруссияда» өткізді. Ол Дортмунд клубы сапында 494 матч өткізіп, бұл көрсеткіш бойынша клуб тарихында үшінші орын алады. Осы жылдар ішінде Ройс «Бавария», «Реал», «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити» және «Барселона» секілді алпауыттардың ұсыныстарынан бас тартқан.
Дегенмен «Боруссияға» адалдығына қарамастан, Ройс Германия чемпионатын жеңе алған жоқ. Ол екі рет Германия кубогын, үш рет Суперкубокты иеленіп, Бундеслигада жеті мәрте екінші орынмен шектелді.
Соңғы бір жарым маусымды Марко Ройс «Лос-Анджелес» клубында өткізіп, 39 матчта 9 гол соғып, 12 нәтижелі пас берген. Енді тәжірибелі футболшы мансабын Қазақстан Премьер-Лигасында жалғастыруы мүмкін.
Айта кетейік, өткен маусымда «Ақтөбе» Қазақстан Премьер-Лигасында бесінші орын алды. Қазіргі трансферлік кезеңде клуб бірқатар танымал ойыншылармен келісімге келіп, белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.