Есту қабілеті жойылып барады: әлемде 34 млн бала құлаққаптан зардап шеккен
Әуен тыңдау күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде әлем бойынша 34 миллион баланың есту қабілеті түрлі деңгейде зақымданғаны анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Құлаққаппен үзіліссіз әуез тыңдаудың салдары қандай болатынына бірқатар зерттеулер жүргізіліп келеді. Қазіргі ғасыр адамдары оны жолда, жұмыста, спорт кезінде, тіпті ұйықтар алдында да тыңдай береді. Зерттеушілер дерегіне сүйенсек, адам тәулігіне 2–5 сағатын құлаққаппен өткізеді екен. Алайда сол қатардағылар музыканы жиі тыңдаудың денсаулыққа қаупі көп екенін біле бермейді.
Ерен санамаған «құлаққап» есту қабілетінен ессіз айырады
Құлаққаппен әуен тыңдаудан құлақтың зардап шегуі басты қауіп. Қатты дыбыс құлақ ішіндегі түкті жасушаларды зақымдайды. Олар мүлдем қалпына келмейді, ал есту қабілеті байқатпай онан әрі нашарлай береді. Мамандар 85 децибелден жоғары дыбысты ұзақ тыңдау ақыры жақсылыққа апармайтынын ескертеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 34 миллион бала есту қабілетінен айырылған. Мамандар оның негізгі себептерінің бірі ретінде қатты дыбысты құлаққап арқылы ұзақ тыңдауды атап отыр.
«Әлемде шамамен 430 миллион адам есту қабілетінің жоғалуынан зардап шегіп келеді, оның 34 миллионы кішкентай балалар. Есту қабілетінен айырылу кәрі мен жасты талғамайтын болды. Құлақ зейінін жоғалтқан жастар саны жыл сайын артып келеді» деп мәлімдеді ДДСҰ.
Мезгілсіз тыңдалған музыка миға ауыр жүк
Музыканы үздіксіз тыңдау миға артық жүктеме түсіреді. Мұның арты тез шаршауға, зейіннің төмендеуіне және есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Сонымен қатар, қатты дыбыс алатын әрі жылдам орындалатын ырғақты әуендер мазасыздықты күшейтіп, ашушаңдық пен ұйқының бұзылуына себеп болуы мүмкін. Ұйықтар алдында құлаққаппен музыка тыңдау терең ұйқы фазасына кедергі келтіреді.
Ғалымдар үнемі қатты дыбыс естуге құмарту мидың табиғи ақпаратты өңдеу процестерін бұзатынын түсіндірді.
Айта кетелік, есту қабілетінің бұзылысы баяу жүреді және бірден байқалмауы мүмкін. Дыбыс сезімталдығының өзгерістерін тек аудиометрия арқылы анықтауға болады, себебі әуелі ішкі құлақтың жүйке жасушалары нашарлап бастайды.