Эльхан Астанов «Ордабасыға» қайта оралуы мүмкін
Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Эльхан Астанов «Астана» клубынан «Ордабасыға» қайта ауысуы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазіргі уақытта бұл мәселеге қатысты клубтар арасында келіссөздер жүріп жатыр, нақты шешім жақын күндері қабылданады деп күтілуде.
Футболшының ықтимал ауысу шарттары әзірге белгісіз. 25 жастағы шабуылдаушы жартылай қорғаушы 2025 жылғы маусымды «Астана» сапында бастап, ҚПЛ аясында 10 матч өткізіп, бір гол соққан. Шілде айында ол жалға өз тәрбиеленген клубы «Ордабасыға» ауысты.
Шымкенттік команда құрамында Эльхан Астанов ҚПЛ-де 9 ойынға қатысып, алты гол соғып, бір нәтижелі пас берген. Маусым соңында ол қайтадан елордалық клубқа оралды, қазіргі таңда «Астанамен» жасалған келісімшарты өз күшінде.
Эльхан Астанов 2021–2025 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 19 матч өткізіп, бір гол және бір нәтижелі паспен көзге түскен. Transfermarkt порталының мәліметінше, футболшының қазіргі нарықтық құны 450 мың еуроға бағаланады.