Мадрид клубы Унаи Эмериді нұсқа ретінде қарастырып отыр
Мадридтің «Реал» клубы маусым соңында испаниялық маман Альваро Арбелоа командадан кеткен жағдайда, бас бапкерлікке негізгі үміткерді анықтады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Журналист Рамон Альварес де Мона таратқан ақпаратқа сәйкес, «корольдік клуб» қазіргі таңда «Астон Вилланы» жаттықтырып жүрген Унаи Эмериді шақыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Тараптар арасында алдын ала келіссөздер өткен, онда ықтимал әріптестік жайы талқыланған.
Алайда Эмеридің тағайындалуына қатысты нақты шарттар мен келісімнің егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ. Соған қарамастан, мадридтік клуб бұл нұсқаны байыппен саралап отыр.
Қазіргі таңда Унаи Эмеридің жетекшілігіндегі «Астон Вилла» Англия Премьер-Лигасының турнирлік кестесінде үшінші орында тұр және тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Айта кетейік, испаниялық маман 2012 жылы Мәскеудің «Спартак» клубында да жұмыс істеген.