Қазақстанға көшті: Өзбекстандық Азия чемпионы енді біздің намысымыз үшін өнер көрсетеді
Өзбекстандық боксшы Саят Ілиясов этникалық қазақ ретінде Қазақстанға көшіп келді. Жастар арасындағы Азия чемпионы бұдан былай Қазақстан намысын қорғайды, деп хабарлайды Prosports.kz. Бұл туралы Ердос Жаңабергенов мәлім етті.
Ердос мырзаның сөзіне сүйенсек, Саяттың Қазақстанға келгеніне небәрі екі күн болған.
« Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдары бұл жаңалықты жазып шулатып жүр. Өзбекстаннан боксшы келсе, ел ерекше назар аударатыны түсінікті. Бірақ кейбір жаңалықтарды жазарда мәселенің ақ-қарасын білу маңызды. Саятқа қатысты әртүрлі ақпарат желіні шарлап жүр» деді Жаңабергенов.
Сонымен қатар Ердос Саяттың ата-анасы әлі де көшіп келмегенін жеткізді.
«Саяттың Ақтауға келгені рас. Көшіп келуіне бір апта да болмады. Әлі Қазақстан азаматтығын алмаған, ішкі жарыстарға қатысу үшін алдымен азаматтық алу керек. Қазіргі сәтте құжаттарды рәсімдеумен айналысып жатыр. Ал ата-анасы жұмыс бабымен сәл кейінірек көшіп келеді» деп қосты ол.
Айта кетелік, Саят Ілиясов Өзбекстан құрамасында жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Финалда ол қазақстандық Илья Калининді жеңіп кеткен болатын.