Траньков: «Ресейліктердің қайта оралуы мәнерлеп сырғанауға аса қажет»
Олимпиада жүлдегері Александра Трусова мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Камила Валиеваның қайта оралуы мәнерлеп сырғанау спортында үлкен төңкеріс тудырады, деп хабарлайды Prosports.kz. Бұл туралы Олимпия ойындарының чемпионы чемпионы Максим Траньков «Sport24» басылымына берген сұхбатында мәлім етті.
Олимпиада чемпионы Максим Траньков Александра Трусова мен Камила Валиеваның мәнерлеп сырғанаудағы ұлы спортшылар екенін атап өтті.
«Трусова мен Валиева өздерін дайын сезінсе, неге тағы да жарысқа түспеске? Болжау жасағым келмейді, бірақ олардың қайта өнер көрсеткенін шын бейілмен қалаймын. Саша да, Камила да Ресей спортындағы ең ұлық есімдердің бірі. Олар ресейлік мықты мәнерлеп сырғанаушылар. Екеуінің де оралуы сөзсіз жанкүйерлердің зор қызығушылығын оятып, аталмыш спортта дүмпу туғызады» деді Траньков.
Айта кетелік, 31 қаңтар мен 1 ақпан күндері Мәскеуде өтетін Ресей чемпионатының «Секіріс турнирі» қос спортшы үшін алғашқы жарыс болмақ.