Қызылордалық клуб француз қорғаушымен келіссөз жүргізуі мүмкін
Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы орталық қорғаушы Курт Зуманы қатарға қосу мүмкіндігін қарастырып отыр, деп хабарлайды Prosports.kz. Қаржылық талаптар бойынша ортақ келісімге келу негізгі шарт болып отыр.
ҚПЛ өкілі құрамын тәжірибелі француз қорғаушымен күшейтуі мүмкін. Мәліметтерге сәйкес, 31 жастағы центрбек келісімшарт талаптары көңілінен шықса, Қазақстанға көшуге қарсы емес. Курт Зума жылына шамамен 350 мың еуро жалақы мен бонус талап етіп отыр.
Келіссөздер сәтті аяқталған жағдайда, француз футболшысы «Қайсар» сапында бұрын «Челси» клубында ойнаған Виктор Мозеспен бірге өнер көрсетуі мүмкін. Виктор Мозес бұған дейін Қызылорда клубына ауысқан.
Айта кетейік, Курт Зума бірқатар қазақстандық клубтарға, соның ішінде «Ордабасыға» да ұсынылған. Алайда шымкенттік клуб бұл трансферден бас тартқан.
Француз қорғаушы бұған дейін «Сент-Этьен», «Сток Сити», «Эвертон», «Вест Хэм» және «Аль-Оруба» клубтарында ойнаған. Соңғы командасы Румынияның ЧФР клубы болды, оның сапында төрт матч өткізіп, кейін тараптардың өзара келісімімен кеткен.
«Челси» құрамында Курт Зума екі рет Англия Премьер-Лигасын жеңіп, Англия лигасының кубогын, Чемпиондар лигасын және УЕФА Суперкубогын иеленген. Сонымен қатар «Вест Хэм» сапында Конференция лигасының жеңімпазы атанды.