Царукян UFC басшылығына ашық өтініш жасады
UFC-дің жеңіл салмақтағы рейтингінде екінші тұрған ресейлік файтер Арман Царукян ұйым басшылығына чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек беруді сұрап үндеу жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Арман Царукян Дана Уайт пен Хантер Кэмпбеллге тікелей жүгініп, өзіне титулдық айқас беруді өтінді. Ол бұдан былай тәртібіне мұқият болуға уәде беріп, жанжалдарға жол бермейтінін айтты. Сондай-ақ жаттығу жиындары кезінде түрлі жағдайлар болуы мүмкін екенін, бірақ салмақ қуудағы сәтсіздік, жанкүйерлермен қақтығыс немесе басқа да келеңсіз оқиғалар қайталанбайтынын жеткізді.
Бұл пікірін ол Даниэль Кормьенің YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Бұған дейін UFC-дің бұрынғы чемпионы, аустралиялық Роберт Уиттакер Царукян мен Пэдди Пимблетт арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруды ұсынған болатын.