Геннадий Головкин Италия елшісімен кездесті
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен, сондай-ақ коммерциялық және мәдени мәселелер жөніндегі атташе Сара Менегеттимен кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар спорт, білім беру, спорт ғылымы, технологиялар және инфрақұрылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Жақын және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған бірлескен жобалар мен өзара іс-қимыл жолдары сөз болды.
Италия Елшісі Қазақстанда спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ бірқатар маңызды бастамалар мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, италиялық тарап Қазақстандағы спорттық инфрақұрылымның дамуы мен халықаралық бастамаларынан жақсы хабардар, бұл екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды.
Кездесу барысында халықаралық спорттық іс-шараларға, соның ішінде Миланда өтетін алдағы Олимпиада ойындарына ерекше назар аударылды. Тараптар Италияның тақырыптық аймағын құру бастамасын талқылап, оның аясында қазақстандық спортшылардың жарыстарын бірлесіп тамашалауға арналған арнайы кеңістік ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырды. Қазіргі таңда жобаның форматы, өткізу орны мен ұйымдастыру шарттары пысықталуда. Бұл бастама мәдени алмасуды дамытуға және ұлттық құраманы қолдауға ықпал етеді деп күтілуде.
"Біз Италияны халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның олимпиадалық қозғалыс пен халықаралық спорттық жобалардағы орнын күшейтуге бірлесе үлес қоса алатын сенімді серіктес деп білеміз", - деді Геннадий Головкин кездесудің маңыздылығын атап өтіп.
Сонымен қатар Қазақстан ҰОК басшысы Италия Елшілігіне спортшылар мен ресми делегациялардың виза мәселелерін шешудегі қолдауы мен сындарлы әріптестігі үшін алғыс білдірді.
Кездесу соңында Италия Елшісі алдағы Олимпиада ойындарына сәттілік тілеп, италиялық тараптың Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін растады.
Геннадий Головкин күрес федерациясының президентімен кездесті
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы үшінші жеңісіне қол жеткізді