Қазақстан құрамасының экс-футболшысы алматылық клубтың ақша төлемей жүргенін мәлімдеді
Қазақстанның жасөспірімдер және жастар құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Хамза Мұхаметәли ASnews.kz сайтына берген сұхбатында алматылық «Хан-Тәңірі» клубымен болған қаржылық мәселесі туралы айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ресми матчта тізе байламын үзіп алған футболшының айтуынша, оған қымбат ем-дом мен несиелерін төлейтін кезде ешкім көмектеспеген.
«Жарақат – футболдың бір бөлігі. Ал клубтың ойыншы алдындағы жауапкершілігі – басқа мәселе. Келісімшарт бойынша клуб операция мен оңалту кезінде кететін ақшаны төлеуге міндетті еді. Біз былай келістік: мен өзім несие алып, операция жасатамын, ал клуб шығынды ай сайын 100 000 теңгеден өтеп отырады.
Алғашқы айда төледі. Одан кейін үнсіз қалды. Сол уақыттан бері қоңырауларға жауап бермейді, уәделерді «ертеңге» шегере береді, содан кейін мүлдем ақша төлемеді», – деді футболшы.
Қазір футболшы өзі еңбектеніп ақша тауып жүр, бірақ бұл жұмыс тізесін қалпына келтіруді қиындатады.
«Бүгінде толыққанды оңалтудан өте алмай отырмын, оның өзі айына 500 000 теңге тұрады. Өмір сүру үшін және ең болмағанда минималды жаттығуларды төлеу үшін қонақүйде ресепшнде жұмыс істеймін.
Операциядан кейін тұрып жұмыс істеу тізеге зиян. Мен клуб өз мойнына алған міндеттерін орындаса екен деймін», – деді футболшы.
Сондай-ақ 20 жастағы ойыншы жалақы бойынша да қарыз бар екенін айтып, клубтағы бухгалтерияның қалай жұмыс жасайтынын ашып көрсетті.
«Маусымның соңғы екі айындағы жалақы төленбеді. Екінші маусым қатарынан осылай болып жатыр. Егер сотқа жүгінсең, жағдай одан да қатты шиеленісе түседі.
Негізгі келісімшартта ойыншылардың жалақысы 85 000 теңге деп көрсетіледі, ал нақты келісілген сома қосымша келісімшартта жазылады, оның заңды күші жоқ деуге болады. Мұны бәрі біледі, бәрі көреді, бірақ неге екені белгісіз, көз жұма қарайды. Сонда мұндай клубтың кәсіби футболда жүруге құқығы бар ма?» – деп түйіндеді Мұхаметәлі.
Мұхаметәлі – «Жас Қыран» футбол орталығының түлегі. 2024 жылы «Хан-Тәңірімен» келісімшартқа қол қойған, алайда кейін елордалық «Жеңістің» қосалқы командасына ауысты. AKAS клубында жарты маусым жалда ойнаған соң, «Жеңіс» жүйесінен кетіп, қайтадан «Хан-Тәңіріне» оралды. Өткен маусымда алматылық клуб сапында тоғыз матч өткізіп, бір гол соқты.
«Қайрат» Лондондағы матч алдында мәлімдеме жасады