Нұрали Жақсылық Грузия клубына ауысуға жақын
Қазақстан жастар құрамасының шабуылға бейім жартылай қорғаушысы Нұрали Жақсылық Грузияның жетекші клубтарының біріне ауысуға бір қадам қалды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жақсылық жуырда елордалық «Астана» клубымен келісімшартын ұзартқан болатын. Жаңа келісім аясында футболшының шетелдік клубқа жалға берілу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл нұсқа ойыншының мансабын дамыту жолындағы келесі қадам ретінде бағаланған.
Қазіргі уақытта тараптар арасында келіссөздер белсенді жүріп жатыр. Барлық мәселе шешілгеннен кейін жартылай қорғаушы жаңа командасының оқу-жаттығу жиынына қосылып, бейімделу кезеңінен өтеді деп күтілуде.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрали Жақсылық Литваның «Жальгирис» клубына ауысуға жақын болған, алайда бұл трансфер жүзеге аспай қалды. 2025 жылғы маусымда ол 15 толық емес матч өткізіп, үш гол соғып, екі нәтижелі пас берген. Жалпы ойын уақыты 575 минутты құрады.