Елена Рыбакина «Australian Open» турнирінің төртінші айналымына өтті
Мельбурнде теннистен «Australian Open» турнирінің әйелдер арасындағы үшінші айналым матчтары аяқталды. Әлемнің бесінші ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакина чехиялық теннисші Тереза Валентовадан айқын басым түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Кездесу екі сетте өтіп, 6:2, 6:3 есебімен аяқталды. Матч 1 сағат 22 минутқа созылды.
Ойын барысында Рыбакина төрт эйс жасап, қос қателікке жол берді. Сондай-ақ ол 9 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды. Ал Валентова төрт эйс орындап, тоғыз брейк мүмкіндігінің екеуін ғана жүзеге асыра алды.
Турнирдің келесі кезеңінде Қазақстанның бірінші ракеткасы 30 жастағы бельгиялық теннисші Элизе Мертенспен кездеседі.
Айта кетелік, «Australian Open–2026» турнирі 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтіп жатыр. Жарыстың қазіргі чемпиондары италиялық Янник Синнер мен америкалық Мэдисон Киз.