Қазақстан биатлоншылары Ұлыбритания мен АҚШ құрамаларын артта қалдырды
Қазақстанның биатлоннан жасөспірімдер құрамасы Финляндияның Иматра қаласында өткен Еуропа чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Аралас эстафетада отандастарымыз үздік ондыққа енді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жеке жарыстарда бірден төрт қазақстандық биатлоншы топ-50 қатарға кірді. Ерлер арасында Захар Шкарин 27-орынға тұрақтаса, Антон Редькин 44-нәтиже көрсетті. Ал әйелдер бәсекесінде Эвелина Рыбалкина 44-орынмен, Эвелина Мезенцева 47-орынмен жарысты аяқтады.
Кейін дәл осы төрт спортшы аралас эстафетаға қатысып, Қазақстан құрамасы 17 команданың ішінде 10-орын алды. Сонымен қатар жекелей аралас эстафетада Анастасия Хвощенок пен Кирилл Зотовтан құралған қазақстандық дуэт 20 құраманың арасынан 12-орынға ие болып, Ұлыбритания мен АҚШ құрамаларын артта қалдырды.
Жарыстың алғашқы күндерінің қорытындысы бойынша медальдық есепте Швеция құрамасы екі алтын медальмен көш бастап тұр. Екінші орында бір алтын және бір қола жүлдесі бар Украина құрамасы орналасқан.