Клубты сату туралы шешім қабылданды
«Атырау» футбол клубы жақын арада жекеменшікке өтуі ықтимал, деп хабарлайды Prosports.kz. Бұл туралы Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, клубты сату жөніндегі шешім қабылданған және ол ашық тендер арқылы жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда нақты сатып алушы анықталған жоқ, әлеуметтік желілерде тараған түрлі қауесеттерге қарамастан, ресми келісім жасалмаған.
Облыс әкімдігі болашақ иесіне бірқатар талап қояды. Қазірдің өзінде кәсіпкерлермен алдын ала келіссөздер жүргізіліп жатыр. Билік өкілдері клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алатын компанияны таңдауға ниетті.
Айта кетейік, «Атырау» 2017 жылдан 2025 жылға дейін сенімгерлік басқаруда болған. Алайда жауапты органдар бұл кезеңде клубтың жұмысы тиімсіз болды деген қорытындыға келген.
2025 жылғы ҚПЛ маусымының қорытындысы бойынша «Атырау» турнирлік кестеде 13-орынға тұрақтады.