Виктор Мозес мансабын Қазақстанда жалғастырады

Виктор Мозес мансабын Қазақстанда жалғастырады

Лондонның «Челси» және Мәскеудің «Спартак» клубтарында ойнаған Виктор Мозес мансабын Қазақстанда жалғастырады, деп хабарлайды Prosports.kz.

35 жастағы нигериялық футболшы Қызылорданың «Қайсар» клубымен бір маусымға арналған келісімшартқа қол қояды, ал ойыншының ресми таныстырылымы 24 қаңтарға жоспарланған.

Виктор Мозес қазақстандық клубқа еркін агент ретінде қосылады. Ол 2025 жылдың жазынан бері командасыз жүрген. Бұған дейін футболшы 2024 жылдың қыркүйегінен бастап ағылшынның «Лутон» клубында өнер көрсеткен.

Бұған дейін ҚПЛ аясында бірқатар атышулы трансферлер талқыланған болатын. Ақпарат құралдарында «Манчестер Юнайтед» пен Португалия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Нанидің «Ақтөбе» клубымен келісімшартқа отыруы мүмкін екені айтылды. Кейінірек «Барселона» мен ЦСКА сапында ойнаған Миралем Пьяничтің де Қазақстанға келуі мүмкін деген мәлімет тарады.

Виктор Мозес 2012–2021 жылдар аралығында «Челси» клубының намысын қорғады. Лондондық команда сапында 128 матч өткізіп, 18 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Осы кезеңде ол Англия чемпионы атанып, ел кубогын және екі рет Еуропа лигасын жеңіп алды.

2021 жылы «Спартак» Мозесті «Челсиден» 5 миллион еуроға сатып алды. Мәскеулік клубта 84 матчқа қатысып, 10 гол мен 10 нәтижелі пас авторы атанды және Ресей кубогын иеленді.

2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша «Қайсар» ҚПЛ турнирлік кестесінде 26 матчта 22 ұпай жинап, 11-орынға тұрақтады.

Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы астаналық клубқа ауысты

«Жеңіс» жолдастық матчта ұтылды

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или